27.03.2022
  130


Автор: Нұрлан Оразалин

АЙДЫҢ АСТЫН МӘҢГІЛІК БЕСІК ЕТЕМ...


Фаукенге
***
Келмедік, жаным, өмірге мынау бекер біз,
біреуге – кермек, біреуге – бал мен шекерміз;
біреуге – асыл, біреуге жасық көрініп,
ғұмыр кешерміз...
Өмірден бірге өтерміз.
Көкірек тербеп күмбір де күмбір әр үміт,
өмір мен арман өлең боп түнде өріліп,
ғұмыр кешерміз...
Аспанның мынау астында
біреуге қор боп, біреуге зор боп көрініп.
Біреуден – шаттық, біреуден бәлкім қайғы алып.
Біреуден – ерте, біреуден мүмкін жай қалып,
ғұмыр кешерміз...
Бөлісіп қызық дәуренді,
жұмыр жер тынбай жанарда тұрса айналып.
Тіршілік – келсап...
Сезімің – талқан...
Жыр – келі...
Күн өткен сайын күн кешу, білем, күрделі.
Ғұмыр кешерміз...
Адамзат ғұрпы, салтымен
отбасын қорып, Отанды сүйіп іргелі.
Ойлы да дана, ақын да батыр, сал, ғашық
өмір өткерген тәртіппен осы жалғасып.
Ғұмыр кешерміз...
Адамзат ұрқын жалғармыз,
тән менен жанның сарқыты, сәні алмасып.
Келмедік жаным, өмірге мынау бекер біз,
қаңтар да қарлы, шілде де шулы, өтер күз,
Дүние жарық әурелеп жүріп аз күндік,
ғұмыр кешерміз...
Өртеніп, жанып өтерміз...
наурыз, 1989 жыл.





Пікір жазу