27.03.2022
  106


Автор: Нұрлан Оразалин

Бағланға

Оңай емес тіршілік қиын, балам,
өмір өтіп барады құйындаған;
оңып жүрген пенде жоқ жер бетінде,
ойлап соны ой алаң, миым да алаң.
Керегі не көп сөздің-бояма мұң?
Кейде шошып, сілкініп, оянамын;
Ақын үшін алаңдау – Тәңір сөзі,
Тәңір сөзін мен қалай қоя аламын?
Табынарым, киелім, қасиетім,
табиғатым, құдайым бас иетін...
Жанда тыным болса егер жыр туа ма,
жүрек түгіл, моншақтап тас иетін?..
Күн туды, ұлым, қоюлау – басқа қалың,
даланың да, кейпі жоқ астананың;
тұншықтырып келеді кіреші-өмір,
соны көріп, сезініп, жасқанамын.
Өгейсініп тұрғандай мені ғалам,
тірлік мына бейне бір жеңіл адам...
Алақ-жұлақ...
Барады қашып қайда?
Көріп соны көз алаң, көңіл алаң.
Алаңдаумен келеді дала-мүскін,
алаңдаумен келеді қала-мүскін;
жүрегімді жұлқиды Тәңір сөзі
тамырына тығылып қаламұштың.
тамыз, 1992 жыл





Пікір жазу