27.03.2022
  188


Автор: Нұрлан Оразалин

ҚАРА ШАЛ. ҚАРА БАҚЫР

Қайыршының қолында – қара бақыр,
жанарында – жазылмас жара жатыр.
Жүрегінде...
Кім білсін қандай майдан?
Тану қиын...
Кел-дағы қара да тұр.
Көзбен көр де ішпен ұқ. Жақындама!
Жәбірлеме!
Қорлама!
Тақымдама!
Қарт майдангер – қайыршы мына отырған,
шөлмек пенен білетін атын ғана.
Алыс-беріс ісі жоқ басқаменен,
кеудесінен күркіреп қашқан өлең;
бар арманы – қайырлы қара бақыр,
қозғамайды сезімін аспан, емен...
Елемейді шалыңыз ештеңені,
қайыршылық – кәсібі, көшкен елі.
Отаны да өртенген орманы да...
(Өртенгендер шыныға өш келеді).
Қайыршы отыр қарайып қара алаңда,
қолын созып, қарайды қарағанға;
Ойы жалғыз – жиғаны жетсе болды
кешке қарай бір қызыл, қара нанға.
Қайыршының қолында – қара бақыр,
жанарында мұң жатыр, дала жатыр;
өртенген жан өксігін баспақ болып,
іргедегі дүкенге бара жатыр...
Тамыз...
Алаң...
Қара жұрт тарады ақыр,
кетті алыстап қара шал, қара бақыр.
Шал кеткенмен, бейнесі кетер емес,
мұздай суық жанары санада тұр...
тамыз, 1992 жыл.





Пікір жазу