ТУРА СӨЗ
Жеңе алмадым өзімді – көнбеді ойым,
айттым... Мені ұғарсың сен де кейін.
Мансап деген, бауырым, бір жәдігөй,
бүгін бар да, ертең жоқ теңгедейін.
Арбаласың, байқамай алданасың,
теңелгендей болады ханға басың;
ең қиыны жаңылып қас пен достан,
жағымпаздың жалбаңын малданасың.
Алданасың сәтіңе «беріспеген»,
алданудан болады беріш денең,
өзінді-өзің ойлайсың «құдаймын» деп,
айыра алмай періні періштеден.
Сайтан түртсе, бола ма желікпеуге?
Көндіреді «құдайың» еліктеуге.
Жүрісің мен тұрысың өзгереді,
үйренеді мақтауға өлік-кеуде.
Көпшікке де көнеді көз, көңілің,
көнгеніңе үйренер өзге құлың;
ақ дегенің алғыс боп, қараң – қарғыс,
айтылудан қалады көзге мінің.
Айналаңды жаулайды «мақұлшылар»,
сөзбен сарай өретін «ақылшылар»;
көріп тұрып шіп-шикі өтірікті,
қалай, қайтып, көз жұмып, ақын шыдар?
Кешір! Бұздым салтыңды...
Көне алмадым.
Қалың елді...
Келмеді сені алдағым.
«Құдаймын», деп керілме.
Құдай – жалғыз. Айттым тура.
Өзімді жеңе алмадым.
Өзгені де, келмеді сені алдағым....
тамыз, 1992 жыл.