27.03.2022
  136


Автор: Нұрлан Оразалин

КҮЗ-КӨҢІЛ

Тәтем Әбілқасымға
Қалды уәде қай тұста? Қай арада?
Түсті қанша күн мен түн, ай араға?
Бармақшы едім ауылға... Сертім өлді...
Аңқылдап кеп құшағын жаяр, аға.
Жаз аңсаған көңілдің күпті өлеңі,
мың тарау боп ойларым жіктеледі.
Жабырқасам...
Жаралы жолбарыстай,
жиырылып жүрегім бүктеледі.
Жүйке тозып, шаршады ми налудан,
ой мен сезім арыды жиналудан.
Мұңы молдау, күлкісі аз қу тіршілік
тұрғандайын құралып қиналудан.
Жанарымда жаз өлді, көктем алып,
Сағатымды іздедім көкке налып,
Ұланымды сұрадым аруақтардан
мезгілінен кезексіз кеткен алып.
Сезім – жалын... Кеудені өртеп өктем...
Өлең-жырдың пернесін шертеді еппен.
Асекемді аңсадым тұлпар тектес,
өкіндіріп, өксітіп ерте кеткен.
Жыл болды бір мына жыл ән ықтырған,
жұтқан талай боздақты жанып тұрған;
еңкілдеген Кеңсай мен Алматыны
өртегендей аза-мұң қарып қырдан.
Ой мен мұңнан азапты шеккендейін,
жаңбырлы жаз қол созды көктем кейін.
Азасына шыдамай адамдардың
ақ қайындар өртеніп кеткендейін.
Күрең қызыл күз келді астанаға,
сұрқай тартты Алатау, аспан-ана.
Қайыңдары қураған өтті бір жаз,
киіктейін оқ тиіп қашқан, аға.
Көктемдегі көлінен қаз арылды,
сағыныш боп сілкініп, саз арылды.
Кешір, аға, уақыт қол байлады,
бармақшы едім мамырда...
Қазан ұрды...
Қазан ұрды...
қазан, 1992 жыл.





Пікір жазу