27.03.2022
  173


Автор: Нұрлан Оразалин

Түн қараңғы...

Түн қараңғы. Түндей көңіл қараңғы,
Мұң-көк бөрі...
Ашатындай аранды.
Аспан толы мың-мың жұлдыз – мың аруақ,
бір жетім ой қаситындай жарамды.
Күрсінердей бір ой мені кеш танып,
түршігердей бір ой менен кеш налып.
Қараңғы түн...
Қабаржиды қу көңіл,
қараңғыға неге сонша өш халық?..
Қараңғыға ұмтылады неге ойым?
Қамықтың деп кімді, қалай сөгейін?
Беу, көк аспан, аруақтардың мекені,
тіл қатшы бір, тірілерге не дейін?!
Таба алмастан жанның асау бір емін,
тірелгендей тұйыққа кеп жүрегім.
Сендер қалай?
Жердегі жұрт шаршады,
білмей бүгін қалай өмір сүрерін.
Білмей сірә, не күлерін, жыларын,
қиналғанда кімнен ақыл сұрарын?!
Олар маған, мен сендерге қараймын
тарқата алмай түн мен ойдың мұнарын...
Қалды тірлік қыспағында көп ойдың,
жүректерді жаулап алды өгей мұң.
Түн қараңғы...
Көңіл түннен қараңғы.
Айтыңдаршы, тірілерге не деймін?!
Не деймін?!
тамыз, 1992 жыл.





Пікір жазу