Заман қашып....
Заман қашып барады, заман қашып,
әлдекімге бұрылып, амандасып;
әлдекімнің көзіне жас үйіріп,
жетегінде барады адам қашып.
Көңілімде: бір сезім – тасығаным,
қуанғаным, күлгенім, жасығаным,
Асанқайғы болайын деп пе едім мен?
Заманменен барады қашып әнім.
Жанарымда – көк аспан, көк орманым,
тамырымда тепкілеп, соғар қаным;
оралары беймәлім, оралмасы,
бірге қашып барады көп арманым.
Кимелеме, кейіме, асықпа, аға,
көше кезіп келеді жасып дала;
Заман шіркін, барады диуана боп,
зікір салып барады қашып Дала.
Көз алдымда – қураған іңкәр қайың,
көкірегім – жаралы сұңқардайын;
Заман қашып барады арпалысып,
шабандозы құлаған тұлпардайын.
Қонғандайын кеудеме бар ізгі мұң,
(қалай, қайтіп өлшеймін парыз құнын?!)
Заман қашып барады ойымды арбап,
мен заманның тұтқыны тәріздімін...
қыркүйек, 1992 жыл.