27.03.2022
  142


Автор: Нұрлан Оразалин

Жебейтұғын жаратылыс....

Жебейтұғын жаратылыс, жанды ізгі,
Тәңір ием – көкте құдай – жалғыз-ды.
Жаңылдық па?
«Құдай-сымақ» көбейді,
көріп соны бойдағы асау қан қызды.
Қуғандайын сахараның сағымын,
ақылдының болды ақыры бағы – мұң;
атақ – құдай,
алтын – құдай,
шен – құдай...
Естіместей ешкім тіпті хақ үнін.
Кім табады шер-шеменнің жөнді емін?
Батты жанға улы тілі шөңгенің,
арсыз – құдай,
делдал – құдай,
бай – құдай...
Оңайы жоқ жер қозғаған пенденің.
Абайды ұғар қалды қазақ кемде-кем,
заман туды сөйлесер тек теңгемен.
«Сөз патшасы» кімге керек?
Апыр-ай!..
Көмейді өртеп оқиын ба желге өлең?
Жан төрінде алысады от-құйын,
армандының жалын орап кетті үйін.
Өртенді үміт...
Боқ дүние болды арман,
асыл сөздің құны бүгін көк тиын.
Содан болар?
Ойым – жарым, орта – әнім,
қабатындай жүрегімді торта-мұң.
Көкте құдай жалғыз еді... Жалғыз-ды!
Көлбеңдеген көп құдайдан қорқамын...
желтоқсан, 1992 жыл.





Пікір жазу