27.03.2022
  160


Автор: Нұрлан Оразалин

Түнгі дауыс...

Түнгі дауыс...
Қандай сұсты?
Үрейлі...
Әлдекім кеп ой-мұңымды күрейді.
Желтоқсанның жетеді үні талықсып,
қашатындай бір ой қуып бір ойды.
Әлдебір күш қозғап кеуде-сырнайды,
жүрегімді сілкілейді, ырғайды.
Қала тыныш...
Бірақ мида бір ызың,
құлақта – шу, көкіректі қырнайды.
Неткен суық?
Қатал қандай мынау үн?
Ой-санама салатындай бұрауын.
Көнер емес, өмір-дүлей көк дауыл,
Тағдыр шіркін, қоймайды-ау бір сынауын?!
Тасаттығын жасады ма текке елі?
Заман неге құбылып тұр өтпелі?
Елестейді көз алдыма түн мынау
аспан кезген аруақтар боп көктегі.
Тентек сезім сабап нәзік мұңды ізгі,
сөйлетердей Алатауды, шың-құзды;
мазамды алып тұрғандайын мынау түн
дәруіштің кейпін киіп күндізгі.
 
Неге?
Неден?
Кетті менің тынышым?
Ұйқым қашты... Тарылардай тынысым...
Алматыға қар жаумай тұр неге аппақ?
Қайдағы үрей кезген мынау түн ішін?!
Түнгі дауыс...
Түнгі дауыс...
Үрейлі.
Әлдекім кеп көшемді үнсіз күрейді.
Желтоқсанның жетім үні жүр көкте,
жеткізбейді бір ой қуып бір ойды.
желтоқсан, 1992 жыл.





Пікір жазу