27.03.2022
  298


Автор: Нұрлан Оразалин

Өмір қысқа...

Өмір қысқа, жарығым, шексіз көрме,
адам үшін тіршілік – от, сыз, керме.
Өртендік те сол үшін жандық талай,
кейде ашынып жүрексіз, тексіздерге.
Намыссызды көргенде намыстанып,
налып талай, күйініп нан ұстадық.
Адам үшін тіршілік – мәңгі арпалыс,
күйдік, сүйдік, табыстық, алыстадық.
Тұрмайды екен жеңіліс, жеңіс түкке,
атыстық та шабыстық, келістік те.
Өткен өмір – құлпытас...
Ал адамдар?
Аруақ болып кеткендей кеңістікке.
Қарап тұрсаң, опасыз жалған мына:
Жалған күлкі, жалған сөз, жалған күнә.
Адам ата, Хауа ана ұрпақтары
Махаббатын жорыған «жалғандыға»...
Қыстағы мұң...
Жаздағы ән...
Көктемгі ойын...
Бәрі-бәрі ғайыпқа кеткендейін.
Сабы сынды қамшының ғұмыр қысқа,
қас-қағымда таусылар өткелдейін.
Аспан, жұлдыз, сұлу Ай – көркем бәрі,
ұлы сөзі бүгіннің – ертең дәрі.
Өтер ғұмыр көз ашып-жұмылғанша:
Кеше – бала,
бүгін – жас,
ертең – кәрі!..
Өмір – қысқа...
Жарығым, қысқа бәрі,
оққағардан басымдау құшқағары.
Біз кеткенмен мәңгілік үзілмейді,
жазда жаңбыр жауады, қыста – қары.
желтоқсан, 1992 жыл.





Пікір жазу