27.03.2022
  217


Автор: Нұрлан Оразалин

Қорқам қатты...

Қорқам қатты...
Өзімнен-өзім кейде,
бір сұрапыл ішімде безілдей ме?!
Жүрегім атылатын жанартаудай,
жұртым соны, апыр-ай, сезінбей ме?!
Пендең бар ма тоқтатар көшкін-ойды,
Замана-мұң кеудемді кескілейді;
қалың жартас ішінде қалғандаймын,
дауысымды неге ешкім естімейді?!
Адал мінез, ақ жүрек досым қайда?
Айқайшы боп, бар болса, қосылмай ма?
«Үні шықпас жалғыздың...» деген сөзді
сезінеді екенсің осындайда.
Өңгеріп алғандаймын өңгерместі,
теңгеріп алғандаймын теңгерместі;
ақылман ағаларым қайда кеткен
қиын-қыстау кезеңде жөндер көшті?!
Жалғасардай ызғарлы желге құйын.
Осы ма еді?
Жоқшылық – келмек үйім?!
Қызыл жалын кеудені қайнатуда,
қарғыс атқыр күн туды елге қиын.
Артық айтсам, сөкпестен, айыр шынын,
желбуаз жағымпаздың қайыршы үнін.
Көз көргенді жеткізу – тілге парыз,
кебін киді байтақ ел қайыршының.
Қорқам қатты...
Өзімнен-өзім кейде.
Бір сұрапыл кеудеде безілдей ме?
Жүректер – атылатын жанартаудай.
Жанартауды мына жұрт сезінбей ме?!
Апыр-ай, сезінбей ме!
желтоқсан, 1992 жыл





Пікір жазу