27.03.2022
  204


Автор: Нұрлан Оразалин

ТҮНГІ ДАУЫС

«Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек?
Заманға жаман күйлемек,
Замана оны илемек...»
Абай


 


Кеудемде күй толғатқан бір ағын бар,
сағынар салқар дала, жыра, құмдар.
Сөзім бар айтылатын, ойым-қалың,
Ғасырым!
Саған қояр сұрағым бар.
Сұрағым...
Сауалым көп қара құрым,
Кетірем қалай, қайтіп сана кірін?
Арманды тұншықтырды ақша, мансап,
күрсінсе, көкіректен тамады ірің.
Шығардай жан жарасы соқталанып,
адалдық алысуда ноқталанып;
қанағат өлді білем көңілдерде,
ұмтылды көбелектей отқа халық.
Сөз өлді...
Үрей қонды...
Көнді дене...
Жағаға біз көрмеген келді кеме.
Тіршілік табадайын қуырып тұр,
теңейін оттан өзге енді неге?!
Пендең кем қолын берер жылағанға,
дерт болып жабысқандай мұң адамға.
Барасың алып-қашып қайда бізді,
қондырып қайғы-уайым бұла қанға?!
Кешегі қайда адамдар? Қайда дала?
Жүгірген құс қуалап қайда бала?
Барасың желіктіріп жұмыр басты,
қуалап құйындайын қайда ғана?!
Адасып қалдық білем «шүкірліктен»,
Ғасырым! Сақта елімді күпірліктен.
Тарихта аз ба сәтім өшіп-жанған,
үзіліп жүрмегей тек үтір, нүктем...
Сақтай гөр, сақта елімді күпірліктен!
желтоқсан, 1992 жыл.





Пікір жазу