27.03.2022
  222


Автор: Нұрлан Оразалин

Болмайды тірлік....

Болмайды тірлік үшін алыспасам,
аламан бәйгелерде жарыспасам,
жетуді мұрат етем – қуар болсам,
Ұстатпай...
Озар болсам, алыс қашам.
Кеудемде аманында ғасыр, Айым,
мен қалай ұсақтайын, шашырайын?
Арманы адамзаттың – жету, озу,
қалай сол мінезімді жасырайын?!
Ақшаңқан көз арбайды құмай көрген,
үміттер ақбоздайын құлайды өрден;
мақсаты мұраттының – биік ұшу,
мінезі жұмырбастың құдай берген.
Санамды сағынғанда жалын қабар,
әу бастан биікті аңсау қанымда бар.
Өтірік неге айтайып бекер босқа,
жүрегім, ұшар болсаң...
Жалындап ал!
Жалында!
Көз ілеспес көк беренім,
жалынсыз бықсығанды жек көремін.
Озсам да, озбасам да дәл осылай
мен қалған өмірімді өткеремін.
 
Шын сөзім – осы менің, қайталар мың,
(шалдығып, шау тартармын, шайқалармын).
Алдында адам түгіл құдайдың да
керексе осы сөзді қайталармын.
қазан, 1992 жыл.





Пікір жазу