СҰРАҚ
Көк төсінде қалтырайды көк шырақ,
көңілімде қабаржиды көп сұрақ.
Бітер емес, көбеюде күн санап...
Ал жауабы?
Жамау-жамау... Жоқ, бірақ.
Ұйқы-тұйқы ойларындай көсемнің,
қырық жамау көрпесіндей шешемнің;
жүрегімді жұлмалайды күні-түн...
Кесел...
Мұңы...
Әні...
Жыры осы елдің.
Сәнім қайда?
Кешегімнен не қалды?
Құм аралас шаң қауып тұр көгалды.
Алматым да, Алатау да жабырқау.
Күлкім қайда?
Ұйқым неге жоғалды?
Бір жынды ырғақ безілдетіп түн ішін.
Бөтен әуен... Тарылып тұр тынысым.
Аусар дауыс алқымымнан алып тұр.
Қайда?
Қайда?
Жан тербетер күміс үн?!
Сырлы сазым, қайда сұлу қашты әнім?
Ел көзінде – басқа қайғы, басқа мұң.
Заман үні сабап жатыр кеудені
билігіне бой алдырған ақшаның.
Ақша –жеңіс.
Ақша –мансап.
Ақша – арман.
Зымияндар барады еніп жапсардан.
Әнің, күйің бәрі ақшаға айналған,
ақша – патша алты әлемді басқарған.
Сатылуда сұлу бикеш ақшаға,
сатылуда баю үшін «жақсы» аға,
кей мықтылар елін, жерін сатуда,
«Ар» ұғымын алып қойып жақшаға.
Түршіктіріп арманды мен арлыны,
Аспан...
Ауа...
Сатылуда барлығы,
сатылуда өзен мен көл, көк орман,
сатылуда патшалардың «жарлығы».
Қалай?
Қайтіп тартайын мен тілімді?
(Жүрек сорлы қасіреттен тілінді).
Пара ғасыр..
Жара ғасыр...
Ақшаға
сатылуда шен мен шекпен, білімді,
сана атаулы сатылудан бүлінді.
Жер де,
Көк те билігінде – теңгенің,
сарқылуда ойлы сөзі пенденің.
Аспанменен көшеді үнсіз аруақтар,
ал әділет – кеуделерде сөнген үн.
Адалдығың – бақылдаған көк ешкі,
күлкі болдық, құлақ түрер жоқ есті.
Адам –тобыр. Қасиетің – көк ұйық.
Артың – жанжал.
Көрер күнің – көмескі...
Ойланар ма, ел есті?!
шілде, 1991 жыл