Аққуым, айналайын....
Аққуым, айналайын, қос құлыным,
сендерді, заманды ойлап өсті мұңым.
Ертеңім не болады?
Кім айтады?
Қай арада тоқтайды дос-бүгінім?
Болар деп кім ойлаған бұлай бәрін,
оңаша қалсам болды жылайды Арым?!
Адамдар қиратуда кеше ғана
өзі қолдан жасаған «құдайларын».
Өздерін аямауда өзге сынды.
Көз – қатал...
Көңіл –тұман...
Сөз – кесімді...
Тәңірі тәлкегі ме? Бұл не өзі?
Кім көтерді билікке сезбес ұлды?
Көзінде шуламайтын көк орманы,
жанында махаббат жоқ, жоқ арманы...
Жер бетін қаптап кетті «әулиелер»,
өзендер суалуда көп арналы.
Қорқамын...
Содан қатты сескенемін.
(Мың жанып, мың қайтара өшкен едім).
Мынау ұлы Даланың төсін еміп,
ғасырдан ғасырларға көшкен елім,
сені ойлап, сескенемін, сескенемін.
Шошимын...
Шошынам да шамырқанам,
көздерді көріп кейде жабырқаған.
Түн – мұнар...
Дала – мұнар...
Бәрі – мұнар...
Мұнарға қалай келдік? Таңырқанам.
Мұнарды көріп тұрып шамырқанам.
шілде, 1991 жыл.