27.03.2022
  123


Автор: Нұрлан Оразалин

ЖҮРЕКЖАРДЫ

Ойым осы – өртеңдей алмасатын,
Сырым осы – бұлақтай жалғасатын;
сенем түбі жарайды бір кәдеге,
қалып қоймай архивте шаң басатын.
Әнім осы – асқақтап айтылатын,
әуезімен аспанда Ай тұнатын;
Алатауым сәуірде қайта оянып,
құралайдың салқыны қайта ұратын.
Күйім осы – күмбірлеп тартылатын,
шанағымда қоңыр саз шарқ ұратын;
қайтқан құстың Арқадан үні естіліп,
Қаратаудың мойнына артылатын.
Мұңым осы – өртеген өзегімді,
бермеу үшін күрестім кезегімді;
біреу егер күндесе ту сыртымнан,
біреу үшін өмірім, сезем, үлгі!
Сөзім осы... Серпілсе, боздар тілім,
Атырау мен Алтайдың қозғар түнін.
Шалдықпасын, шабытым аман болса,
алға әкетер өзімді өз қарқыным.
Жырым осы – мәңгілік жазылатын.
Жырға қоспай өткен бе назын ақын?!
 
Өртеңімді жалғашы Ертеңіме,
Өлеңімнің отымен, қазына түн!..
Ән, күйімді, сөзімнің асылдарын,
Ой, сырымды Өзіңнен жасырмадым.
Бар болмысым, оқырман, осы менің,
өрдім жырмен тулаған Ғасыр қанын!..
мамыр, 1996 жыл.





Пікір жазу