27.03.2022
  150


Автор: Нұрлан Оразалин

АНА МЕН ҰЛДЫҢ СОҢҒЫ СҰХБАТЫ

АНА. Солай, ұлым… Көсемдерге сендiк бiз…
Сенген үшiн сергелдеңге көндiк бiз…
Қамықсақ та, қиналсақ та мойымай,
қайғыны да қасiреттi жеңдiк бiз.
Иыққа iлiп көне бешпет, бөз, киiм,
тарттық солай тiршiлiктiң боз күйiн.
Мен ешкiмге арта алмаймын наламды,
Аллаға аян… Дәлелi жоқ сөз – қиын.
Айта алмаймын…
Айыпты кiм?
Белгiсiз.
Сондай өмiр сүргенiмiз – сенгiсiз.
Ойға оралса, көңiл, сана сырқырап,
әлi күнге хал кешемiн көнгiсiз.
ҰЛЫ. Амал бар ма?… Жүрегiңдi ән керiп
тұрса-дағы, жүре алмадың сәнденiп;
еркелей де алмадың-ау, анажан,
өте шықты көзден жастық мәңгi ерiп.
АНА. Тағдыр солай…
ҰЛЫ. Қабағыңда талды мұң.
АНА. Кеше алмадық таудың еркiн шалғынын.
 
ҰЛЫ. Жастық шағың жүрегiмде жаңғырып,
туған жердiң тау-тасында қалды үнiң.
Ерте есейдiм… Отқа оранып бал күнiм,
менi-дағы сенi шалған шалды мұң.
Жадымда әлi қайтқан күнi жан әжем
жылатқаның боздап жұртын Талдының.
Сұрақ тұнып боз аспанның төсiнде,
құлақ түрiп қаралы жұрт осы үнге.
Сәнiм апай, Едiге қарт – бар ауыл,
өксiп-өксiп жылағаны есiмде.
Дауысыңа қосылғандай боз ғалам,
жоқтау айтып тау мен дала боздаған.
Құлағымнан кетпейдi әлi сол үнiң,
қалың елдiң шер-шеменiн қозғаған…
АНА. Жасыра алман…
Көре алмадық көп тойды.
Тағдыр қатал. Өмiр өстiп өттi ойлы.
Өксiткенi көп те шығар...
Бiрақ та…
Қоңыр ауыл көз алдымнан кетпейдi.
Ел жылаған, сен жылаған көктемдi,
еске салар тым құрыса өткендi,
түнеу жылы сипап қайттым барғанда,
қара мешiт, қоржын үйден жоқ белгi.
Тал, теректiң орнында жоқ бiр шыбық,
көрiп соны қиналдым мен түршiгiп;
бұл арада ешкiм түтiн түтетiп,
бұрын-соңды болмағандай тiршiлiк.
 
Ауыл жүдеу…
Сонда...
Сонда көрген ем,
көрiп үнсiз оранған-ды шер денем;
болмағандай Сәнiм апаң, жан әжең,
Едiге қарт тiрлiк күйiн тербеген.
Ел бастаған ұқсап отты жасынға,
болмағандай әкең марқұм Қасым да…
Өткендерi аруақ болып ауылдың,
жатыр ұйықтап Қисық мола басында.
Аман қалған аштық атты дауылдан,
құламаған қиын кезде жау ұрған;
алпыс үйден бар қалғаны – алты-ақ үй,
бiр кездегi «Ырыс» атты ауылдан.
Елестетсем… Бойды жалын шарпиды,
ойды қозғап, ой келедi әр қилы.
Көздi жұмып, ауық-ауық аңсаймын
алпыс үйдiң орнындағы алты үйдi…
ҰЛЫ. Алтау емес… Азайтыңыз бiреуiн.
Бiр шаңырақ құлатыпты тiреуiн.
Дәл осы сәт… Бiреу үнсiз мал қамдап,
аза тұтып, салып жатыр бiреу үн.
АНА. Бiссiмiлла!..
Жар болар көр, құдайым.
Қай бейбақтың туын, қарғам, жығайын?
Ол кiм болды?
ҰЛЫ. Артық айтса, кеш, ұлың,
айтуға да бармайды аузым есiмiн…
 
АНА. Қозыбақ па?
ҰЛЫ. Екеумiзден өлерде
көз жұмыпты сұрап жатып кешiрiм.
АНА. Бiткен екен бiр пендеңнiң тұз-дәмi…
ҰЛЫ. Естiгенде тұлабойым мұздады;
қаршадайдан жасығымды жұбатқан
ескi жара жүректегi сыздады…
Кетерiнде елге сырын толғапты,
шығарыпты iштегi бар «толғақты»;
айтып-айтып арылыпты Қозыбақ,
Алла атымен ақтық сөзiн жолдапты.
Кешiр, ана… Қайғысынан басқаның
кеңiгендей болды тұңғыш аспаным.
Көкте, сiрә, көз, көкiрек болған ба?
Қас-қағымға пенде бола бастадым.
Отыз бес жыл мейiрiмдi шектеген,
отыз бес жыл ой-санамнан кетпеген,
сатқындық пен қаталдыққа қарсылық
көкiректi қабатындай… От денем…
Жақсылыққа жори алман мұны мен,
(отыз бес жыл ойлап iштен тынып ем)…
Естiгенде Қозыбақтың қазасын
күй кештiм бiр дәл осындай түнiмен.
АНА. Сабыр, ұлым!
Өттi уақыт – өстi мұң,
талай-талай өлдi арманы естiнiң.
 
Өмiр өзi қояды, ұлым, орнына
бәрiн, барын… Алла атымен кеш, күнiм!
ҰЛЫ. От пен мұз боп жүрегiмде арбасқан,
шыңғырып кеп шаужайыма жармасқан
мұң көп едi…
Бәрiн, ана, күй жеңдi,
бусады ойым көктем сынды қар басқан.
Күй жеңдi, ана… Ерiгендей мұз-қарым,
сындырғандай қатал тағдыр ызғарын.
Қозыбақты әкем бiрақ кешер ме,
Анажан-ай!
Кешкенменен бiз бәрiн?!
АНА. Бiз – жердемiз, олар – өрде, ғарышта,
бiз – елдемiз, олар – төрде, алыста.
Кешедi әкең…
Қайғы бiзден басталған,
Бізбен...
Бізбен аяқталсын. Жарыспа!
ҰЛЫ. Анажан-ай!..
АНА. Жүрек бәрiн жырлайды.
Мәңгiлiк жоқ. Ажал бiр күн ұрлайды.
Ай астында махаббат бар, өмiр бар,
жердiң үстi кектен жалғыз тұрмайды…
Буырқанса, тау мен тасты көшiрер,
жан едi әкең нағыз қайсар, есiл ер;
осы сөздi айтар едi ол дағы,
қателессем, Қасым менi кешiрер!
 
Сақтан, ұлым! Арсыз кек пен кесiрден,
ой қалған ба мендай мұңлық жесiрден?!
Қозыбақтың бар кiнәсi – надандық,
надандығын баяғыда кешiргем.
Қасымымның қарашығы – өскiнiм,
жалғасысың – тектi менен естiнiң.
Қозыбақтар – бейшара ғой…
Бейшара!
Өлген екен…
Бейшараны кеш, күнiм.
Арманымды айдалаға көшiрген,
жұлдызымды аспандағы өшiрген,
бiле-бiлсең, айыптылар – биiкте,
айыздары қанып үнсiз есiрген…
Солар менiң жарығымды өшiрген!..
Әлқисса:
Күңiрентiп қайта қозғап аспанды,
сағағынан домбыраның жас тамды.
«Қарақазан ғасыр» сырын қайырар
күй түйiнi күмбiрлеп кеп басталды.





Пікір жазу