АНА МЕН ҰЛДЫҢ ТӨРТIНШI СҰХБАТЫ
АНА. Құрып кетсiн сатқындық пен қаталдық!
Өңкей шерлi бiр жiппенен маталдық.
Ең ауыры… Жаралаған жүректi
«халық жауы семьясы» атандық.
ҰЛЫ. Неткен сұмдық!
Неткен суық сөз едi?!
Заман бiзге көк қанжарын кезедi.
естiгенде сөздi осынау ең алғаш.
өрт тигендей болып едi өзегiм…
АНА. Есiмде, ұлым, тағдыр ұрып қақ бастан,
дәл сол күнi кiрер қуыс таппастан…
Табанымда жер өртенiп, шоқ басып,
жасқа оранып жанарымда жатты аспан.
ҰЛЫ. Бiлем…
Бiлем…
мезгiл бiзге шек қойды,
көре алмадық ел қатарлы көп тойды.
Бiрақ…
Бiрақ…
Әлi күнге ойымнан
елу үштiң сол көктемi кетпейдi.
Жетi жасар жетiм көзiн көлдеткен,
құлағымда – сол бiр дауыс, сол көктем…
Көз алдымда тұрады ылғи сол сурет,
махаббатқа, мейiрiмге шөлдеткен.
АНА. Айтпа, қарғам, жылдарды сол «үркiндi»,
есiме алсам, жоғалтамын ырқымды…
Дәл сол күнi жер-жексен боп сенiмiм,
арманымның ақ қанаты қырқылды.
ҰЛЫ. Менiң де, ана, пәк көңiлiм жыртылды…
Әжемнiң де ақ айдыны iркiлдi…
Есiмде, ана, есiмде…
АНА. Құлағыңды тос үнге!
Елу үште…
Марттың бесi, бесiнде.
Аза тұтып Сталиннiң қазасын,
ауыл күллi жылағаны…
ҰЛЫ. Есiмде…
Есiмде, ана, есiмде…
АНА. Дәл сол күннiң күрең қызыл кешiнде…
Әжең, анаң қоса боздап сенiмен,
жертөсекке құлағаның шешiнбей…
ҰЛЫ. Есiмде…
Есiмде, ана, есiмде…
Әлқисса:
Оралғандай өткен өмiр:
Ән…
Ақ таң…
Келдi өртенiп запыран ой сан атқан.
Шындық тағы жарып шықты жүректi,
шырқырап кеп атылды күй шанақтан.
Атылды күй шамырқанып, аспандап,
(шын жыласа, соқыр көзден жас тамбақ).
Сағағынан домбыраның сөйледi:
Күйген арман…
Өшкен үмiт…
Қашқан бақ…
Қопарылып күй-толғақтың тасқыны,
тар бөлменi кең даланың басты үнi;
жетiм ұлдың бала шағы сөйледi,
сөйледi кеп әз ананың жас күнi.
Адал кездiң ағараңдап көйлегi,
төктi нұрын себездетiп ой көгi.
Қара мешiт…
Қаралы ауыл…
Сол күнгi
қаз-қалпында домбырадан сөйледi.