ЖАЛА
Бiрiншi күй
(немесе Ананың алғашқы сыры)
I. Бiздiң ән
Ауыл-үйдiң ағараңдап сыртында Ай
көз байлана ән салушы ек бiр тынбай;
тiрлiк жүдеу болғанымен, көңiл тоқ,
тату едi, жыр-сауыққа – жұртым бай.
Аспан…
Дала…
Кеште салқын самғап ән,
қалмаушы едi ошақ оты жанбаған.
Қоңыр ауыл қоңыр әнiн тербетiп,
кештi ғұмыр – өзiн-өзi жалғаған.
Сол әнменен толқып түнде бар ғалам,
сен туған ең, жалғыз ұлым – жан балам.
Жетiм-жесiр…
Қырық жетi…
Шiлдеде…
Сол әнменен қайғы-шерiн алдаған.
Ғашық жүрек әнге ешқашан тоймаған,
қиналғанда сол күндердi ойға алам.
Ойға алам да… Сiлкiнемiн мен iштей,
қуат алып қиял атты қоймадан.
Айдай шындық – ән өмiрдi шыңдайды.
Ән бар елде – сенiм берiк, сынбайды.
Әкең марқұм сен туғанда бiр шалқып,
сол әнменен тербетiптi түнде Айды…
Сол әнменен шығарып сап сан ай, күз:
Жеңiс тойын тойлағанбыз талай бiз,
көктем туа наурыз көже таратып,
қыркүйекте ұзатылды талай қыз.
Сол әнменен сейiл құрдық, бақ бардық,
Аққу-айдын… Армандарды ақтардық.
Адам Ата, Хауа Ананың салтымен,
шат-шадыман – талай тойды атқардық.
Сәуiр талай сол әнменен көгердi,
Мамыр туды…
Құстар келдi…
Шөп өрдi…
өстiк, өндiк – сол әнменен жалғастық,
соқа салдық, алдық асу, көп өрдi.
Колхоз құрдық…Әкең сенiң салды ұран.
Сол әнменен елдi оятты қалғыған.
Ағаш қиып бар жiгiтi ауылдың,
мектеп салды ескi мешiт алдынан.
Көтермек боп шағын ауыл еңсесiн,
кiрiстi олар үлкен iске бел шешiп,
көше бойын көшет қадап көгерттi,
қайта жөндеп басқарманың кеңсесiн.
Бәрiн тiптi бiтiрердей бiр кезде,
жiгер қайнап, жалт-жұлт етiп, нұр – көзде,
ұйқыны да, күлкiнi де ұмытып,
әкең сенiң күйге оранып жүрдi өзге…
2. Әке мiнезi. Айдалу
Өткiр едi…
Тау суындай тасыған.
Кезi жоқ-ты жөнсiз жерде жасыған.
Арын, жарын серiк етiп ең жақын,
екi елi де қалдырмайтын қасынан.
Екi сөздiң бiрi әрқашан ел едi,
елмен ойы егiз едi, тел едi,
дос қайғысын, қуанышын бөлiсер
қай кезде де дайын едi көмегi.
Әзiлменен «түйреп, сүйреп» кей досын,
думандатып өткiзетiн той, кешiн;
жомарт едi әкең марқұм, жұртқа – адал,
шешiп берер үстiндегi жейдесiн.
Отқа түсер қажет жерде керексе…
Қисайды ма?
Қасқаятын – терекше.
Ақ көңiлдiң ақ көңiлi мен бiлер,
жан едi әкең ары таза ерекше.
Жори алман бұл мiнезiн жаманға,
отиемiз көпшiл едi әманда.
кек дегеннен ада-күде жан едi,
болмысымен сенетiн-дi заманға.
Кiм-кiмге де бұлаңдатпай шешiмiн,
қысқа сөзбен қайыратын кесiмiн.
Мұны да мен кемшiлiгi дей алман:
Қай кезде де тура айтқанның несi мiн?
Оғаш кетiп, жолды бұзған кем күнi,
жұрты сүйген бiр мiнезi – кеңдiгi,
жиындардың сәнi жоқ-ты Қасымсыз,
алғыр ойы, тез жететiн елге үнi.
Дауға түссе, тiлi мiрдей, оқ едi,
тиген жерiн ойып түсер шоқ едi.
Ел аласы iшiнде ғой… Кiм бiлген?
Қасын қайдам? Тiлеуқоры көп едi.
Сондықтан ба? Сенгiш едi елге тым.
Келе-келе менiң де оған өлдi етiм.
«Батыр – аңғал» деген сөз де рас-ау,
қаздай едi ол ен жайлаған көл бетiн.
Аңғармаппын. Аңқау қандай, жас болғам?
Желке тұстан атыларын тас қолдан…
Дос пен қасты таразылай алмаппыз,
құстай болып ақ айдынға мас болған.
Жаны – жайсаң. Көңiлденсе, көл едi.
Ашуланса, сәуiрдегi сел едi.
Адал жанның қай қылығын айтайын
көктемдейiн желбiреген желегi?..
Мен де мөлдiр, ол да таза – өскiн ек,
әскер үйi кеш жетiлген, кеш түлеп.
Тылдағының бәрiн дос деп ұғатын,
сенгiштiгi жолын оның кестi кеп.
Құдайға да қарайтындай қасқайып,
жанарынан көрмеген бiр жас тайып
Әкең сенiң адам едi… Амал не?
Өткiр тiлi болды бiлем басты айып.
Басқарма да Қасым барда ығатын,
Қозыбақтар сөз айта алмай бұғатын.
Хатшы келсе, келе қалса уәкiл,
мiнбеге де Қасым алғаш шығатын.
Мынау дұрыс, мынау бұрыс дегендi,
тұңғыш айтқан таң қалдырып көп елдi
Қасым едi бiздiң елде, мен бiлсем,
тiлмен тергеп қоғам атты «көгендi»…
Күтпеушi едi «әлiп соңын» баптанып,
бiлмеушi едi сөз сөйлеудi сақтанып.
Қызыл тiлi абыройға бөлеген
оны аңдаусыз ажал болып қапты анық.
Тынып iштен, өзiмдi-өзiм сөгемiн…
Әлi жұмбақ. Айта алмаймын себебiн.
Кiмнен көрем?
Кiм айыпты?
Күдiк көп…
Жауап – бұлдыр, ойдан азап шегемiн.
Обалы анық достан ба, әлде жаудан ба?
Ғарiптен бе? Бiлмейдi ешкiм саудан ба?
Әлде кiмнiң айтуымен бiр түнде
Ұсталды да…
Алып кеттi ауданға.
Қасым мықты. Жау алмайды дегенге,
ұқсатыппыз оны берiк еменге.
Бармақ тiстеп, кеш түсiндiм бәрiн де,
көз алдымда байланғанда көгендеп.
«Қате болар…» – жанарында мұз жатты.
Жүрегiме қадалғандай бiз қатты.
Мен үрпидiм. Шошынды апам, жылады ұл,
қоржын үйдiң қолқасын бiр сыз қапты.
Қою түнде қарауытты қара шың,
менi иiскедi, сүйдi сенi, анасын:
«Сөз алмайды оқ алмаған адамды»,
дедi нығыз көзбен шолып даласын.
Түнгi ауылдың келбетiне қарады,
бiр ауыр дем көкiрегiнен тарады,
күрсiндi де қара түнге сiңдi үнсiз,
қара аспанның жасаурады жанары.
Алып кеттi бiр-ақ күнде, бiр түнде,
жұртқа ұқсадық ұшыраған үркiнге…
Қабағыма мұң қонды алғаш сол түнi,
дәл сол түннен сап тиылды күлкiм де…
Әлқисса:
Қозғап баяу кеудедегi ғасырды,
осы арада күй баяулап басылды.
Көкiрегiн сипады да әз ана,
күрсiндi үнсiз, көздiң жасын жасырды.
Әлденуақ күйге енiп бiр қырағы,
мейiрлене домбырасын бұрады.
Құлағына құлақ тосып алды да,
сәл бұрылып, перзентiнен сұрады…