Бiздер, қалқам...
Бiздер, қалқам, өлең атты елденбiз,
Жауыннанбыз…
Қайғыданбыз…
Желденбiз….
Мәңгiлiктiң үрлеп мәңгi майданын,
ғасырлардың қойнауынан келгенбiз.
Кеудемiзде – аптап, шiлде, май, тамыз,
жырларымыз от бүркедi,
байқаңыз!
Қара қылды қақ жаратын қай кезде,
әдiлеттi байрақ етер тайпамыз.
Арманымыз адалдықтан бас алған,
мiнезiмiз табиғаттан қашалған,
Отанымыз – ұлы Дала, асқар Тау,
ұранымыз – ұлы Шындық қашаннан.
Атамыз – Ой,
Анамыз – Сөз,
күш берген,
қанат берген, көкiрекке құс берген;
аруақтанып алысқанда дiн аман,
алып шығар қилы, қиын iстерден.
Өткенiмiз – өзектегi өртiмiз,
бүгiнiмiз – тарқамайтын дертiмiз,
домбырамыз – келтiре алса құлағын,
күй төгетiн, ағыл-тегiл…
Шертiңiз!
Көкiректе – күмбiр-күмбiр ән, аңыз,
сағынғанда – сарғаятын Санамыз,
күрсiнгенде – дана қартпыз қуарар,
қуанғанда – перiштемiз, баламыз.
Лауазымға мән бермейтiн тым аса,
жер-жексен қып сынайтұғын сынаса;
от ауызды, орақ тiлдi мiнезден
оңбай түбi бiр құлайтын құласа…
Құласа да иiлместен құлайтын,
жыласа да жас шығармай жылайтын,
арын, жырын қарашықтай қорғаған
өшкенiнше жанарында
Күн…
Ай…
Түн…
Жүрегiмен күндiз-түнi от өрген,
кермектi артық көретұғын шекерден,
қалқам, бiздер өлең атты елденбiз
Ақындықтың ауыр жүгiн көтерген.
шiлде, 1991 жыл.