27.03.2022
  140


Автор: Нұрлан Оразалин

КЕТТI ҚАЙДА...

Хан қайда?
Қара қайда?
Тектi қайда?
Бәрi де көтерiлiп кеттi ме Айға?!
Ойласам, ор-қабақта тұрғандаймыз,
өлмесе, бәрi соның кеттi қайда?
Арманға аспан астын бесiк еткен,
сәби боп, ғашық болып есi кеткен;
олар да сiз бен бiздей ән шалқытып,
боз дала, боз тауларды кешiп өткен.
Өмiрдiң қай кезде де салмағы өктем,
бiрi – ғарiп…
Ал бiрi самғап өткен.
Олар да сiз бен бiздей күй толқытып,
үмiтiн ұрпағымен жалғап өткен.
Өлмесе, арамызда жүрмес пе едi,
жыраулар өрiп сөз бен жыр-дестенi?
Батырлар ақ сауытын жарқыратып,
арулар ақ боз үйге кiрмес пе едi?
Мiнезi алмастайын, жай ұратын
серiлер…
Жүрмес пе едi шайыр, ақын?
 
Билерiм тұрмас па едi төрде сонау
сөзiмен қара қылды айыратын?!
Қашанда ой төрiнде – келiстi адам,
халыққа ана – сезiм, жеңiс – таған.
Шiркiн-ай!
Жүрмес пе едi, тiрi болса,
әжелер ақ жаулықты ел ұстаған?!
Намысқа қайғы-шерiн бұқтыратын,
қабақпен бiр тайпа елдi ықтыратын,
өлмесе…
Қайда кеттi қара шалдар
аз сөзбен көп дүние ұқтыратын?!
Жаныма маза бермей
көше…
түнiм…
Еститiн әнтек қыста көшет үнiн.
Өлмесе, айтыңдаршы, кеттi қайда,
жүргенi әкемнiң де кеше-тұғын?!
Бiлемiн тiршiлiктiң мәңгi емесiн,
алданып өтер бiр күн әнге көшiм.
Солардай бiздi бiреу еске алар ма,
ұмытып ұшқан күнi жан денесiн?!
желтоқсан, 1992 жыл.





Пікір жазу