АҚҚҰС
Эльмираға
Ұғын менiң жанымды, түсiн, балам,
кеудеме әкеп қондырған құсын ғалам;
ием менiң сол аққұс жыр кейiптi,
кәкiр-шүкiр тiрлiкке тұшынбаған.
Көкiрегiн тербетiп арман далам,
жоққа-барға, жаңылып, жалданбаған,
табиғатқа табынып тәңiрдейiн,
шен-шекпенге, атаққа алданбаған.
Қиыспайтын жерлерде қиылысып,
қайғы жұтып, мұң құшып, күйiк iшiп,
әкең сенiң «әлдилеп» ақ бесiгiн
әдiлеттiң, жүредi биiк ұшып.
Мәңгiлiктiң аялап балдай түнiн,
адалдыққа шөлi бiр қанбайтұғын,
сезiм менен сенiм бар сол аққұста,
өмiрiмдi өлшеусiз жалғайтұғын.
Сиынарым – сол аққұс – сүйенерiм,
қара сөзi қазақтың – сый, өнерiм,
қанымдағы жалғасы ғасырлардың,
аманаты ұрпақтың сүйер елiм.
Сол аққұста – жүрегiм, миым, арым,
сезiн, қарғам, кеудемнiң күйi барын.
Абайлардан аманат қалған мұра –
ием мәңгi сол аққұс сиынарым.
желтоқсан, 1992 жыл.