27.03.2022
  156


Автор: Нұрлан Оразалин

СУЫҚ СӨЗ

Бiр дос бүгiн бiр досты өкпелеттi,
оспадарлау әзiлмен көктеп өттi.
Астам сөйлеп, шiркiн-ай, артық кеттi,
өкпелiге күллi кеш текке кеттi.
Қатар жүрiп, қаз тұрып, қатар өскен,
бiр қайықта ескектi қатар ескен
қос құрбыдан қалың жұрт iшiн тартты.
Қалыптары тым суық… Қаһар ескен…
Өкпелiге у болды астың бәрi,
шиқан сыздап, көңiлде асқындады.
Бiр-ақ ауыз суық сөз бұзды бәрiн,
сең қозғалды, қозғалды бастың қаны…
Күз келгенде – өмiрдiң жазы кетiп,
жылы сөздi жүрерде азық етiп,
жанға батты, апыр-ай, екi адамның
отырғаны бiр-бiрiн жазым етiп.
Күңiренiп шығатын, күле кiре,
қос құрбының көз тiгiп реңiне;
мен достықты аядым сайтан түрткен,
жара түстi, дақ түстi жүрегiме.
Қалыптары тұрпайы – басқа мүлдем,
ұят болды үйдегi жас-кәрiден;
өмiр сәнi бұзылды бiр-ақ сөзбен,
бiр-ақ сөзбен тарылды аспан, iргем.
тамыз, 1992 жыл.





Пікір жазу