ДАУЫС
Сағаттың рухына
Жоғалтқалы бала күнгi досымды,
жиi еститiн болдым көктен осы үндi.
Кешiп жүрген азап-қайғым аздайын,
мұнарыма мұнар келiп қосылды.
Өкiнiш көп…
Өнбей қойды iсiм де,
өмiр сүрiп жүргендеймiн түсiмде;
құлағыма келедi ылғи бiр дауыс,
соры қалың соқыр тұман – iшiмде.
Iздейтiндей iзгi ой менен өлшемдi,
дөңбекшидi iшiмде бiр «белсендi»
жүрек атты…
Жасығымды жұбатып,
жан бар ма бiр көтеретiн еңсемдi?!
Өңкей – мырза, өңкей – төре, марқасқа,
Сезiм басқа…
Төзiм басқа…
Ар басқа…
Мына адамдар кебiн киiп мылқаудың,
айналғандай бiр-бiр қалың жартасқа.
Елемейдi, естiмейдi ешкiмдi,
кеудедегi күркiреген көшкiндi…
Ұлы Абайдың анық келдi айтқаны:
Айқайлап ем… Өз дауысым естiлдi.
Кезiп iшiн қою орман – елестiң,
Адаммен де…
Аруақпен де кеңестiм.
Көктiң үнi маған, маған жеткенмен,
қара жерде естiр емес менi ешкiм…
тамыз, 1992 жыл.