27.03.2022
  174


Автор: Нұрлан Оразалин

АТАЖҰРТ

Өзiңдi аңсағанда, өскен елiм,
кеудемдi күй тербейдi кешке менiң.
Жұлқиды жүрегiме тыным бермей,
тұсауын кескен сенде естi өлеңiм.
Жүрмейiн қай қиырда, қай қалада,
жерұйық, иран бақта, бай далада;
Атажұрт, сенiң орның бөлек маған,
сен маған дастарқансың жайған ана.
Өзiңде қанаттандым, арқырадым,
өзiңмен еңсем биiк, артық әнiм,
тағдырым мұхиттайын теңселткенде,
сенi iздеп шағаладай шарқ ұрамын.
Құлын-ой…
құлын-сезiм құрақ ұшып,
көлiмнiң аққу-қазы жырақ ұшып,
кеудемдi қарс айырып бiр сағыныш,
өзiңе қанат қағар жылап ұшып.
Бал-қиял…
Жiгiт-арман…
Бұла-қайың…
Көзiмде көлбеңдейдi жылап Айым.
аңсаған сәттерiмде самалыңды,
жыр-сезiм бұлқынады тұмадайын.
 
Ширыққан кездерiмде ғарышты ұрып,
қиырды қиырлармен жарыстырып,
тауымның өзенiндей өкiредi
көк долы кеудемдегi Намыс-бүлiк.
Ашынған сәттерiмде – өзiңдеймiн,
басылған сәттерiмде – көзiңдеймiн,
әлемдi мынау ұлы, беу, атажұрт,
өзiңсiз көре алмаймын, сезiнбеймiн.
Өзiңе ессiз ғашық пендең едiм,
жарады жеткiзе алса ендi өлеңiм.
Жүрегiм, жұлын-жүйкем тек өзiңде,
арым да, арманым да сенде менiң!
наурыз, 1992 жыл.





Пікір жазу