Үйiм – думан…
Үйiм – думан…
Төрiмде ылғи – ән, өлең.
Сөзден түнде ой өремiн, сән өрем.
Жүректердi жұбатамын жырменен,
болмашыға бордай тозар жан емен.
Қиналғанда құлақ түрiп құс-үнге,
қайғы-шердi тұншықтырам iшiмде;
тiрiлермен тiл таба алмай кейде, рас,
аруақтармен кездесемiн түсiмде.
Ортайғандай жылдарымның мол әнi,
сағынғанда көзге жалын толады;
ерте кеткен әкемдi iздеп жабырқап,
жүрем кезiп қалың қорым, моланы.
Ақ, қараның айыра алмай анығын,
ой кешетiн пендесiнiң жаны – мұң.
Түсiмде әр кез қыр басынан қабаржып,
қарайды үнсiз қыршын кеткен жан iнiм.
Айқара ашып пальтосының жағасын,
тұрады ылғи жол бойында нағашым;
тiрлiгiнде кездесушi ек тым сирек,
Өкпелi ме?!
Кеш түсiндiм бағасын.
Бiрi – шерлi, бiрi – өкпелi, бiрi – үнсiз,
таулар қалғып, күрсiнедi қыр үнсiз;
түсiмде ылғи бақ көремiн тоналған,
арса-арса боп жапырақсыз, бұрымсыз.
Таланымды талқан етiп, тұсаған,
сорлы жүрек жарылардай құсадан.
Не жаздым мен?
Сәлемiмдi алмайды
түсiмде ылғи арқа берiп үш адам.
Бұрылмайды. Үшеуi де ойлы, өңдi,
жанарлары мүдiртедi сөйлемдi;
тiл күрмелiп, өксiп-өксiп оянам,
жасқа малып жастығым мен жейдемдi.
Оянамын… Болмағандай, сiрә, мұң,
өмiр заңы – жалғасады думаным.
Тiрiлердiң тiршiлiгi – ұятсыз.
Кешiр, қарғам!
Кешiр менi, Ұланым!..
тамыз, 1991 жыл.