27.03.2022
  109


Автор: Нұрлан Оразалин

Жә! Жә! Сабыр!...

«Жә! Жә! Сабыр! Сабыр, Нұрлан!» десем де,
көнбейдi үнiң… Жаңғырады көшемде.
Бейнең, қарғам, көз алдымнан кетпейдi,
бағынбастай жұлын-жүйкем еш емге.
Көзде – қала. Көңiлiмде – қыр әнi,
жылдар жұлқып жүрегiмдi бұрады;
сенiң бейнең жалаң аяқ, күс табан
бала күн боп келедi де тұрады,
тереземнен сығалайды, ұрады.
Таза күндер «тұлпар мiнген» көк талдан,
шақырады сәби күлкi, отты арман;
сәби қалпың қол созады тау, тастан,
құлын қуып, жақпар шыңды бетке алған.
Желге еркелеп таудың жасыл желегi,
қарағайлар шайқалады, төнедi,
тастан-тасқа қозы-лақтай қарғыған
қара бала көз алдыма келедi…
Келедi де жайлап менi түртедi,
таудың суын төгiп-шашып, бүркедi;
қолтығына тығылады жәудiреп
әжесiнiң кимешектi, күртелi…
Көктем…
Жыра…
Тау өзенi… Жаға… Бақ…
Қара бала жүгiредi жағалап.
Қара борбай, қарашығым, қарғам-ай,
көрген түстей барады ұзап «ағалап».
Бәрi тiптi түс секiлдi осының,
жүрегiмдi тiледi ащы тосын үн.
Түс секiлдi мына шулы дүние,
көрген түстей өте шықтың…
Қош, iнiм!
Қош, iнiм!
қаңтар, 1991 жыл.





Пікір жазу