Кім қайда туып, қайда өледі?
Ер жігіт жүре алмайды тойған жерде,
Аш бөрі, етің қалар сойған жерде.
Құрманғазы
1
Орыстардың:
«Ақындар ауылда туып,
Қалада өледі» дегені
Қазаққа да келеді.
Өйткені, бала тілі шыққаннан,
Ана тілін ұққаннан,
Ата мен әженің қымбат
Ертегілерін тыңдап,
Дала кезіп заулап,
Топырағына аунап,
Көлдерінің айдын
Балығын аулап,
Тайға мініп, жарысып,
Табиғатпен танысып,
Қыр гүлін теріп,
Мың түрін көріп,
Бұлағының мөлдір,
Құрағының желбір
Сыбдырын тыңдап,
Бұлбұлы жырлап,
Жүрегін тербеп,
Сиқырлы ырғақ,
Өлең боп өріліп,
Сел болып төгіліп,
Бөленіп нұрға,
Айналар жырға.
Сезімге беріліп.
Содан соң ғана
Даладағы бала
Қалаға келер,
Қауымға енер.
Өмірін қалған
Өлеңге арнап,
Қалада жалғап,
Қалада өлер.
Өлсе де ол, бірақ та,
Жол тартып жұмаққа,
Елім деп өлер,
Жерім деп өлер.
Елі де оны
Ерім деп көмер.
2
Ертеңді ойлап айтам-ау,
Ендігі ақындар, қайдам-ау?
Керемет қалада туып,
Көрмеген көбелек қуып.
Кең даланы кезу үшін,
Жусан исін сезу үшін,
Қырдан жуа теру үшін,
Малды көзбен көру үшін,
Тілдің мәнін ұғу үшін,
Елдің халін білу үшін,
Барғанмен бір күн ауылға,
Сіңісе алмай қауымға,
Бәрі де, бәрі кеш болып,
Кеш болған соң, еш болып,
Далада қалып, өлетін болар,
Оны да уақыт көретін болар...
* * *
Жылдан соң енді қырықтай,
Бойымыз өсіп сырықтай,
Ойымыз өшіп құмықтай,
Тіліміз әбден титықтап,
Үніміз мүлдем митықтап,
Ұмытып мақал-мәтелді,
Ұмытып атаң, әкеңді,
Жырлата алмай анаңды,
Тыңдата алмай балаңды,
Сөзіңнің болмай мәйегі,
Сезімнің болмай дәйегі,
Өзімен болып әйелің,
Аталы сөзге баспайтын,
Кітаптың бетін ашпайтын,
Жақының қалмай бірде-бір,
Жетерсің құнсыз күнге бір.
Компьютер болып серігің,
Беріліп соған сенімің,
Байланып барлық өмірің,
Телмірумен өтерсің,
«Табысқа» небір жетерсің,
Құлтемір боп кетерсің.
Жазатын болсаң өлеңді,
Дастандарды көлемді,
Қиын емес ол енді:
Компьютерге саларсың,
Қандай ұйқас қаларсың,
Бәрін лезде табарсың,
Жасанды ақын боларсың.
Бірақ, бірақ, халқыңа
Керексіз боп қаларсың.
Соңғы нүкте қойылар,
Нағыз ақын жойылар.
Осы сөзді ойыңа ал,
Көкірегіңе құйып ал,
Болса егер миың бар.
3
Жемқорлар, жебірлер –
Жетесіз көрімдер,
Кесепат керімдер.
Талтаңдап жүреді
Туған жердің төрінде.
Бірақ та, оларда
Ет жүрек болар ма
Елім дер, жерім дер?
Бар мақсат оларда –
Дүние табарға,
Қол созу аларға.
Қатын да, бала да,
Жақын да, аға да,
Әке де, ана да
Ең соңында,
Дүние жолында
Қалады далада.
Керек десе, оларды
Итере салар қорымға.
Мемлекет дегенді,
Елім деп кемелді,
Толқып та жатпайды,
Қорқып та жатпайды.
Түскенді соңына,
Байлап бір оғына,
Сатып та кетеді,
Атып та кетеді.
Мемлекет байлығын
Арқалап кетеді.
Шет елдің қайбірін
Қалқалап кетеді.
Бірақ та, күні күн болмай,
Түні түн болмай,
Күлкі де қашады,
Ұйқы да қашады.
Уақыт өткен сайын
Сиқы да қашады.
Шет елден кете алмай,
Еліне өте алмай,
Жеріне жете алмай,
Өлетін шағында,
Айналып сағымға,
Жағдайы қиындайды.
Мола болып бір қуыс,
Туған жердің бір уыс
Топырағы да бұйырмайды.