Бақыт қайда қонады?
Басымда тамаша ой бар еді,
Тамаша той бар еді:
Хор қызындай керемет
Бір қызға үйленсем, не керек?
Қалауын тауып берер ем,
Үлде мен бұлдеге бөлер ем.
Иә, көркем қызды көрдім,
Айдай әппақ жүзді көрдім.
Ақыры таныстым аңдай жүріп,
Қыр соңынан қалмай жүріп.
Ол бір бастықтың қызы екен,
Нағыз еркенің өзі екен.
Маған мынындай шартын айтты,
Айтқанда да шалқып айтты:
– Сен маған адамша үйленуің керек,
Ол үшін күйленуің керек.
Бос мылжыңды сүймеймін,
Көше кезбеге тимеймін...
Содан басымдағы ми қи болды,
Бар ойлағаным күй болды.
Яғни, қалта қалың болу керек,
Қалың болу үшін алым болу керек.
Алым дегеніміз пара ғой,
Параның жолы қара ғой.
Қара да болса, барасың,
Сан қулыққа саласың:
Біреуді алдайсың,
Біреуді арбайсың.
Текке қарап қалмайсың,
Жаныңды жалдайсың.
Біреуді «жәке» деп жүріп,
Біреуді «әке» деп жүріп,
Бұрқыратып бөсе бердім,
Қызметте өсе бердім.
Әкемді де ұмыттым,
Шешемді де ұмыттым.
Аждаһдай жұтынып,
Ақшаға әбден құнықтым.
Параны ала бердім,
Қалтама сала бердім.
Қалтам қампиып толыға түсті,
Көре алмаушылар соңыма түсті.
Мен олардан сескенбедім,
Етреңгі күнді ескермедім,
Араным ашылым, зорыға түстім.
Ақыры аңдушылардың торына түстім –
Кісендері қолыма түсті.
Сонда ғана қорқау қасқырдың
Хикаясы ойыма түсті:
Қақпанға түскен қасқырды,
Тойымсыз «тақсырды»
Депті Түлкі табалап:
– Жеткен екен жағалап.
«Бір бақыт басқа қонады,
Бір бақыт аяққа қонады» –
Дейді екен білгендер,
Аңдап басып жүргендер.
«Бақыт» басыңа емес,
Аяғыңа қоныпты,
Өте дұрыс болыпты.
«Мың асқанға – бір тосқан»,
Әділ жазадан кім қашқан?
Жеткен екен уақытың,
Құтты болсын «бақытың».
* * *
Десе Түлкі дей берсін,
Жалмауыздар жей берсін
Бірақ, достар, саспаңдар,
Мені сызып тастаңдар.
Ал, өздерің ешқашан
Арандарыңды ашпаңдар.