Шапан мен шампан
Қоймада ілулі Шапан тұрды,
Төменгі жәшікте Шампан тұрды.
Той иесі тойға қамданып,
Алынған заттар еді таңдалып.
Сәлден соң ән мен күй аспандап,
Асыға күткен той да басталмақ.
Шапан мен Шампан да
Қатардан қалған ба?
Олар да тойды күтіп отыр,
Төзімдері бітіп отыр.
Ақыры екеуара сөзге келді,
Бақ сынысар кезге келді.
Шапан сілкініп, былай деді:
– Артық жаратқан Құдай мені.
Білікті, билі деген,
Қонақтарға сыйлы деген
Жарқырата алып кеп,
Мені кигізеді дәріптеп.
Мені кигеннің беделі артық болады,
Көңілі шалқып толады.
Шапан да намысқа тырысты,
Айтты сөзін дұрысты:
– Сен тозығысың қазақ салтының,
Артта қалып барады әр күнің.
Қонағын қанша ардақтап,
Сені сонша салмақтап,
Иығына жапқанымен,
Алдында жалбаң қаққанымен,
Сені ешкім сүймейді ді,
Бір сәтке кимейді де.
Иығына жаба салады да,
Қапшыққа тығады барады да.
Содан үнің өшеді,
Ел думанға көшеді.
Ал, мен сол шақта,
Қызуым мол шақта,
Тығыным атылады тарс етіп,
Ұшамын Жерден ғарыш өтіп.
Ел мәз болады,
Көңілдері жаз болады,
Шырқағандары шалқыған саз болады.
* * *
Той басталып кетті,
Тамада басқарып кетті:
– Құдағиға – камзол, құдаға – шапан,
Алыстан келген ағайынға – атан,
Осында отырғандарға – шампан.
* * *
Сөздер айтылып жағымды,
Қошеметтер табылды.
Шампандар ашылды,
Тығындары көкке атылды.
Тойға келген азаматтар білікті,
Тамаша сөздерімен ілікті.
Шампннан ішіп, шалқи түсіп,
Шапанды мүлдем ұмытты.
Ақырында табалдырықтан аттауға
Шамалары жетпей құрыпты.
* * *
Содан мынандай нақыл туады,
Нақыл емес, ақыл туады:
Бұрын ба, бұрын,
Талғам басқаша бүгін.
Шапанның дәуірі тозған,
Шампанның қадірі озған.
Айналайын, шырақ,
Ұмытпа мынаны, бірақ.
Іше берсең шампаннан,
Ол да түсіреді шалқаңнан.