Бiреулерге қол....
Бiреулерге қол жетпестей «iрiмiн»,
бiреулерге көп қараның бiрiмiн;
бiр туғанмен, бiрге жүрмек жоқ екен,
ағаң аман,
жер үстiнде жүр, iнiм.
Аттандырып өмiр көшiн, ой көшiн,
кейде күлiп, қайғырады кейде шын;
әкiм болып елге айтады кейде ақыл,
ақын болып жоғалтады кейде есiн.
Өмiр заңы – кеуде аманда тоқтар кiм,
келедi ағаң арасында «жоқ», «бардың».
Алыс-жұлыс…
Жаға жырту..
Айғай…
Шу…
Додасында тiрлiк атты көкпардың.
Тағдыр нойыс сiлтейдi үнсiз сойылын,
ашынғанда солқылдатар ой-iрiң;
жыртық бауыр, жамау жүрек қозғалып,
асау сезiм билер бойды, дойыр-үн.
Көкiректi жалынға ыстық қаримын,
қаримын да күрсiнемiн, налимын:
Сақтай алмай сенi, қарғам, несiне,
адаммын деп алшаң басып, далидым?!
Ендi, мiне, жетпейтiңдей бiр демiм,
Кеудем – қайғы…
Жүрегiм – шер…
Iрге – мұң…
Ақдүние – әдiлетсiз. Қарғам-ай!
Керек едi сенiң аман жүргенiң.
Өзiң жоқсың. Далаң аман. Көкте – Күн.
Анаң аман. Балаң аман, от, көгiң.
Өзiң ғана жетпей тұрсың, жарығым,
қысылғанда жетпейтiндей оттегiм.
Шүкiр!
Шүкiр!
Қанат қылып жыр үнiн,
ағаң аман жер үстiнде жүр, iнiм;
елшi болып ел есiнде сақталар
арасында аруақтар мен тiрiнiң,
ағаң аман жүр, iнiм…
тамыз, 1991 жыл.