26.03.2022
  209


Автор: Нұрлан Оразалин

Адал жанды...

Адал жанды ажалға адам қия ма?
Тәнiң – жерде…
Жаның ұшты қияға.
Ерте кеттiң, өртеп өттiң жүректi,
сыймай кеттiң «өмiр» атты ұяңа.
Сабырлы едiң, салмақты едiң, беттi едiң,
жайдың бұтақ, ел iшiнде көктедiң;
өзiңдi өзiң өрнектеген сәтте ендi,
жанға батты жалт етiп бiр өткенiң.
Қайда кеттiң?
Неге кеттiң асығыс?
Қарашаның болды ызғарлы басы қыс…
Кеудем – көк мұз;
Жаратқанға назалы,
ой-арманнан адасады жасып iш.
Не деп кеттiң? Өтерiңде не дедiң?
ой түгендеп, сөзден азап шегемiн.
Бойды алдырып өкiнiштiң өртiне,
өзiмдi өзiм жазғырамын, сөгемiн.
Бауырда – қан... Талықсып тұр өзегiм.
Уа, Жасаған! Неге оғыңды кезедiң?
Шалқып жүрер шағы едi ғой тойлатып,
тым ертелеу неге жұлдың кезегiн?!.
 
Жалынымды сөндiре алмай отырмын,
жүрегiмдi езiп-жаншып отыр мұң.
Ессiз тағдыр!
Еменiмдi жайқалар
дер шағында қалай, қайтiп опырдың?
Нарым менiң!
Арым менiң!
Тектi, iрiм!
Тiледi үнсiз бой-бойымды өткiр үн.
Тәнiң – жерде, жаның – көкте дегенге,
көрiп тұрып, көне алатын жоқ түрiм,
Жүрегiмдi тiлетiндей өткiр үн…
тамыз, 1991 жыл.





Пікір жазу