26.03.2022
147
Жылайды аспан…
Жылайды аспан…
Өксидi, күрсiнедi.
Өксiгiнен өзегiм түршiгедi.
Қалай? Қашан сарғайған мына тоғай?
Көктем едi кеп-кеше, бүршiк едi.
Қайың-талдың айқасқан шаң бiлегi,
қайда кеткен Даламның балғын өңi?
Арса-арса боп қуарған қараағаштың
көлеңкесi көмiлген шалғын едi…
Шалғын да жоқ, наурыздың жоқ бүршiгi,
мұңаяды Кетпеннiң өткiр шыңы.
Күнге өртенген өлкенi көрiп тұрып,
өзегiмнен бiр бұршақ кеттi, ыршыды.
Көрiп таудың қураған төбелерiн,
ой, мұңымды далаға шегеледiм;
көкке қарап телмiрдiм…
Жаратылыс
пендесiне сыйынған не берерiн?!..
Не берерiн Тәңiрдiң кiм бiледi?
Аптап.
Ыстық.
Шаншылып Күн күледi.
Жаңбыр аңсап шөлдеген түздi көрiп,
ащы дауыс аңқамды тiлгiледi.
тамыз, 1991 жыл.