СЕНIМ
Нұрсұлтан Назарбаевқа
Халық деген бiр ұлы қалыпшы бар,
қиналса да, бәрiне налып, шыдар.
Халық аман болса егер, ұл тумай ма
қиын-қыстау күндерден алып шығар?!
Көкiректi тiледi қат-қабат үн,
мәймөңкелер жәйiм жоқ ақталатын.
Ел басына сын туды. Серпiл, аға,
Соқты сенiң көрiнер сәт-сағатың.
Топ алдына шық, қане! Алаңға шық!
Көрiп сенi, сiлкiнсiн ғалам-ғашық.
«Көсемсiген» бiреулер бiлсiн әлiн,
ұясына тығылсын жаман, жасық.
«Әулиелер» сезiнсiн пенделiгiн,
қайтсын жүзi қаталдық шеңгелiнiң.
Түзе бойды, мезгiлге тура қара!
Ашыл, Ойым!
Айтыл, Сөз!
Жөндел, Ұғым!..
Құм құйылсын өсектiң өңешiне,
арман, ақыл оралсын ел есiне.
Алып шығар ғасырдың дауылынан
басшы керек замана кемесiне.
Жаңылдырмай баста алға санамызды,
кеуделерде соқ, жүрек, адал, iзгi!..
Бағыт керек адаспай табатұғын
«Болашақ» деген асыл жағамызды.
Халық деген бiр ұлы қалыпшы бар,
қиналса да, бәрiне налып, шыдар…
Елiм менiң күтуде бiр асылды
қиын-қыстау кездерден алып шығар…
21 тамыз, 1991 жыл.