26.03.2022
  194


Автор: Нұрлан Оразалин

Көрдiңдер ме!

Көрдiңдер ме! Ақ жаңбырдың жауғанын.
Жаңбыр емес…
Көк аспаннан жауды әнiм.
Кенезесi кепкен қала тершiдi,
Тәңiр нұры!
Жауғаныңа тәуба мың.
Бойын жазып қайың-талым сiлкiндi,
жұпарымен қытықтады гүл түндi;
Алатаудың құлын мiнез самалы
ала қашты айдалаға күлкiмдi.
Күн күркiреп, жасын ойнап түн ауды,
Көк Тәңiрi бұзып өттi «бұғауды»;
астананың қапырығын тазартып,
аластады жел-құз бенен тұмауды.
Жауды жаңбыр…
«Жауа түсшi, – дедiм мен, –
жауа түсшi, Тәңiр нұры, көгiмнен!..»
(Тайпалардың жалғасы едiм кешегi
қуанғанда көкке қарап егiлген.)
Жауды жаңбыр…
Оян!
Сергi!
Ұш, арман!
Шығар, бәлкiм, «Сенiм» атты құс алдан.
 
Көшкен елдiң ұрпағы едiм кешегi
қиналғанда көкке қарап күш алған.
Көк тәңiрi!
Көк бөрiлi көк байрақ!
Кеудесiмен көк тiреген кек қайрап
өскен елдiң жалғасы едiм өртеңдi…
Жауды жаңбыр…
Көкiрегiм кеттi ойнап.
Жауды жаңбыр,
Жауды күйiм,
Жауды әнiм!..
Араласты көктегiм мен таудағым.
Кенезесi кепкен дала қунады,
Тәңiр нұры!
Жауғаныңа тәуба мың.
шiлде, 1991 жыл.





Пікір жазу