26.03.2022
  209


Автор: Нұрлан Оразалин

Кеудемде – сыз…

Кеудемде – сыз…
Көшедi бiр күй налып.
қала – шерлi, көше – жетiм, үй – ғарiп.
Тағы отырмын пендедейiн шөлдегi
түйiндердiң құрсауында қиналып.
Ойда – түйiн. Бойда – құйын. Көп, тегi.
Алысуда жердегi мен көктегi.
Арып-ашып, қалжырады жүрегiм,
қайғы буды, жетпейтiндей оттегi.
Құлын-дауыс…
Талып-талып жыр көгiм,
тұла бойды кернейдi бiр дүрмек-үн.
Түйiнi мен құйыны мол тiршiлiк
ұйқым менен күлкiмдi алып тұр менiң.
Қыр соңымнан қарыс аттам қалмайды,
бiрге жатып, бiрге ұшады, самғайды…
Таусылмайтын бұл неғылған кермек мұң?
Түгесiлмес бұл неғылған бал қайғы?
Арлан-тағдыр қаба-қаба өкшенi,
өмiрiмдi, тағдырымды екшедi.
Сiңiр ме едi үзiлмейтiн бұл жүйке?
 
Құйын…
Түйiн…
Бiтер емес. Жоқ шегi?!
Бiрi – шалғын, бiрi – теңiз, от – бiрi,
арбасады өңкей ноян, тектi, iрi
тәртiбiмен он сегiз мың ғаламның.
Құйын…
Түйiн…
Түгесiлер жоқ түрi.
Тәңiрiм-ай!
Көшедi бiр күй налып,
әлдеқайда абыр-сабыр жиналып…
Мен отырмын Ай астында мұң бағып,
сұрақтардың тұтқыны боп қиналып…
тамыз, 1991 жыл.





Пікір жазу