26.03.2022
  167


Автор: Нұрлан Оразалин

АСПАННЫҢ ЖЫРТЫП ЖЕЙДЕСIН…

 Жүрегiм шаншып отыр бүгiн тағы,
аспанды қорғасын бұлт құбылтады.
Көңiлiм әлденеге өрекпидi,
құлақты тас керең қып, шыңылтады.
Талықсып қашатындай ән, құс үнi…
Арманның ағараңдап талды шыңы.
Өткендей осып-осып жасын қамшы,
желкенi бүредi көп қан қысымы.
Қысылмай қайтсiн, бәрiн көрiп тұрып,
шыңғыртса шаужайынан ерiктi ұрып;
жүйкенi ақжем болған таптап жатса,
күн сайын күйiк тiрлiк өрiп тұрып.
Қала – шу…
Қала – мұңды…
Қала – думан…
Көп ойдың жауабы жоқ. Сана – күмән.
Сескенбей қайтсiн, шiркiн, көпе көрнеу,
ит тiрлiк тiстесе кеп балағынан?!.
Жылаңыз…
Қуаныңыз…
Табалаңыз…
Көл iздеп шаңқылдайды шағала-қыз.
 
Тартылған теңiздердiң құны кiмде?
Кiмге айып, кiмге кiнә таға аламыз?
Сырт көзге: Өмiр – күрес, бәйге алаңы.
Жұмыр жер ұршығында айналады.
Дариға-ай!
Қысылмасын қалай жүрек,
жүдеген көрiп тұрып бай Даланы?!
Дүние қысылады, жаншылады,
қан қысқан көкiректен ән шығады.
Өмiр боп көкiректен атылады
өлеңнiң өрттей ыстық тамшылары.
тамыз, 1991 жыл.





Пікір жазу