26.03.2022
  114


Автор: Нұрлан Оразалин

БЕР, ТӘҢIРIМ!

Құлағымда – аққу-қаздың сазды үнi,
көңiлiмде – жазиралы жаз күнi,
киiз үйiн тiккен ауыл қаз-қатар,
әнге бөлеп жасыл шалғын Саздыны…
Алып-ұшып көңiл аттай желедi,
табиғат пен өлең неткен тел едi?!
Беу, сұлулық! Ғажап едiң сен неткен!
Суреттеуге сөзiм жетпей келедi.
Жыр тербетiп, азап-қайғы шеккенмен,
қанша сырлас болсаң-дағы көктеммен,
сөзiм менiң жетер емес… (Әттең-ай!)
Сезiм қанша ағыл-тегiл жеткенмен.
Өкпе, назым, шаттық, қайғым керексе,
шайқалады желдi күнгi терекше.
Сiлтейтiндей сезiм-дойыр қамшысын,
сөз таба алмай теңселемiн ерекше…
Жүрегiмде буырқанып, жанып үн,
ойдың iздеп астары мен анығын;
түйсiну мен түңiлуден тұратын
тiрлiк шiркiн табар емес қалыбын.
Табиғаттың көзi – сұлу, iшi – мұң.
Санам әлек. Сөздiң өрiп мүсiнiн.
 
Қондыра алсам жарар едi қағазға
көк аспаннан сорғалаған құс үнiн.
Артық жерiн өзен, шалғын, жел өңдер,
ел құлағы ести қалса, елеңдер,
берер болсаң, бер, Тәңiрiм, өтiнем!
Табиғатпен егiз, үндес өлең бер!..
тамыз, 1991 жыл.





Пікір жазу