26.03.2022
  148


Автор: Нұрлан Оразалин

ӨЗIҢЕ СЕН!..

(Бағлан он жетiге толғанда)
Қашпау – мiндет жiгiтке қиын iстен,
(түк өнбейдi құр бекер күйiнiштен…)
Өзiңе сен! Сен, ұлым, ең әуелi,
сосын барып аруаққа сыйын iштен.
Өзiңе сен! Өзгеге сене берме,
лауазымнан жасқанып, сөне көрме.
Мансап деген жалған дос, опа бермес,
жалт бұрылар, сүрiнсең сен егерде.
Тағдыр атты құдырет шебер, тегi,
асқақтатып, бiреудi шөгертедi,
үмiт пенен күдiктi тел емiзiп,
қуартады, бiреудi көгертедi.
Өзiңе сен… Күшiңе бойдағы ерен,
(Сенiм деген киелi қойма дер ем).
Асыл қамба көшедi қандай қолға?
Қандай орын тиедi ойға берен?..
Үмiт… Күдiк… Мазалар қайнап iштi,
көл-көңiлдiң жатпайды жайнап үстi.
Жеңiлу де, жеңiс те бұл өмiрде
бәрi, қарғам, өзiңе байланысты.
 
Өлшемге сал қай заман, қай ғасырды,
өзектiге тiршiлiк «тайга» сынды.
Өзiңе сен!
Жолыңнан тайма, балам,
аруақ та жебейдi таймас ұлды.
маусым, 1991 жыл.





Пікір жазу