26.03.2022
  143


Автор: Нұрлан Оразалин

ТҮН СУРЕТI

Бiрiншi өрiм
Түн қараңғы… Тамылжып естiлдi өлең,
райхан гүлдiң келдi иiсi кеш гүлдеген.
Кере жұтып керiмсал тау самалын,
түстi есiме бала күн «ес бiлмеген…»
Бал дәуренiм,
бал шағым ұлар үндi,
жеткендейiн жетектеп мұң, арымды;
көктен алыс құйылды Айдың нұры
айдындағы сейiлтiп мұнарымды.
Барқыттанып, түрленiп тамаша бақ,
көк пен кеудем тiлдестi жараса қап;
құлақ күйi келгендей күмбiрледi,
жүрек атты қозғалып қара шанақ.
Ертегiдей сезiмге қанбас жаны,
бала күннiң балқаймақ, бал дастаны –
сұлу төрi Сүмбенiң нұрын шашып,
күмбiр-күмбiр көңiлде жалғасты әнi.
Ұмыттырып даңғаза қала шуын,
қала шуын, аластап жан ашуын,
Ессiз сезiм бойымды биледi кеп…
(Ай мен түннiң қарашы жарасуын?!)
Нұрлан ОРАЗАЛИН
96
Күй тербеттi Тұйықтың қара шыңын,
тапты бiр жыр көңiлде жарасымын.
Қара шанақ – құлын күн…
Түн суретi…
Жайған сынды табиғат бар асылын.
Қанат қағып ұшқандай ән қиялап,
күмбiрледi көк шырша, тал, қия, бақ.
Қас қағым сәт iшiнде кеудеме кеп,
Айлы аспанның суретi қалды ұялап…
мамыр, 1991 жыл –
сәуiр, 1999 жыл.





Екiншi өрiм
Көктiң баяу толықсып Ай табағы,
байғыз үнi «сұңқ» етiп, қайталады.
Жүрек тулап, сезiм мас… Көңiл жүйрiк…
Туырлығы таулардың шайқалады.
Самал желге құлағын бұрғандайын,
елеңдейдi бойжеткен сырдаң қайың,
Жаңабайдың шоқысы Ай астында
аппақ сүтке шомылып тұрғандайын.
Жан бiткендi шақырып нұрлы шаққа,
тауды кезiп жүргендей бiр құс аппақ.
Ақой жақтан естiлiп аруақ үнi,
ақ дүние тұрғандай жыр құшақтап.
Ой қажытқан сананы жерлей бермен,
бiр тылсым ән құйылып, өрлейдi өрмен.
Беу, табиғат – тәңiрiм!
Кейпiңдi осы
бұрын қалай, мен неге көрмей келгем?!
Қас қағымда жоғымды тапқандаймын,
өшкенiмдi қайыра жаққандаймын,
түннiң сұлу жан тербер әуенiнен
сейiлгендей бойдағы батпандай мұң.
Кимешектi тауларым – көктемгi ойым,
қас қағымда биiктеп кеткендейiн;
түн суретi кеудеме қонақтады
менi көкпен жалғайтын өткелдейiн…
мамыр, 1991 жыл.





Пікір жазу