26.03.2022
229
![](/uploads/shorttexts/author_image/2022-03-14-21-09-02.png)
САРЫ КҮЗ
Сарылып, сарғаяды жарық Айым,
Сағынып, сiлкiнедi сары қайың.
Сары күз…
Сары дала…
Сары тоғай…
Санамда – сақыр-сұқыр сары уайым…
Сам жанып, салқын көкте от күледi,
сарғайған салқын күздiң жеттi лебi;
сарыжұрт бүрiседi кеште суық,
сабылып сарыала қаз көк тiледi.
Сары бел жетiмсiреп қалқияды,
сары адыр, саздау еңiс салқияды.
Сары тал…
Сары қайың…
Сары белес…
Сағым-мұң тербетедi сал қияны.
Сабырсыз серi көңiл тұншығар ма?
Сiлкiнiп алмай, сiрә, тыншығар ма?
Салауат күйiн шертер кеште Дала
сыздатып бой-бойыңнан үн шығарда.
Сары күз…
Сағынышым…
Санамды алған
саздайын жүрек баурап тәмәмдалған.
Сезiмдi серiк етiп сарыала қаз,
сағымға айналғандай тәмәм жалған,
сары адыр мұңаяды санамды алған…
қыркүйек, 1990 жыл.