26.03.2022
  130


Автор: Нұрлан Оразалин

ИӘ, ПIРIМ!

(Ақ қағазбен сырласу)
Ақ қағазым – дақ түспеген ардайын,
арбайды кеп жаңа жауған қардайын,
көз суырып аппақ сәби дүние,
елiтедi санамды үрлеп әрдайым.
Қанат қағып ойым алыс ғаламға,
сапар шегем кейде басқа ғаламға,
басқа жандар қоршап менi бейтаныс,
айналамын мен де басқа адамға.
Басқа жүрек тар кеудеде бұлқынып,
басқа дала шақырады гүл тұнып.
Боз үй басқа – боз өлкенiң төрiнде…
Жанарыма жас тұнады iркiлiп.
Басқа Алатау…
Көрем көктен басқа Айды,
адамдар да бiр-бiрiнен қашпайды;
бiрiн-бiрi күтедi ұлы қонақтай,
бiр-бiрiмен жөнсiз жағаласпайды.
Адалдықтың адал жiбiн аттамай,
жәбiрлемей, ғайбаттамай, даттамай,
басқа жандар басқа ғұмыр кешедi,
бiрiн-бiрi атпай, аспай, қақтамай.
 
Гималайдың баяғыдай қар басы,
Аралдың да ортаймаған арнасы,
Невада мен Дегелеңде жоқ гүрсiл,
жаңғырады жаңа әндердiң жалғасы.
Қыдырады тау, даланы бөлек үн,
көздi алады көгiлдiр бел, көл, егiн…
Ақ қағазым – аппақ сәби дүние,
ән-күйiмдi айдыныңа бөледiм.
Ақ қағазым – намыс, күшiм, қайратым,
ақ сенiмiм ұмыттырар қайғы атын,
жер бетiнiң ылаңынан жерiген
«Иә, Пiрiм!» деп
саған қолын жайды ақын.
Тыңдайын бiр боз даланың бал күйiн,
естиiн бiр боз бесiктiң «әлдиiн».
Ақ қағазым!
Даңғазадан кетшi алып,
айдыныңда армансыз бiр қалғиын.
Көз жұмайын…
Ұмытайын…
Ұшайын…
Ақ айдынға аспандағы түс, Айым!
Ақ әлемдi махаббаттан жаралған
армансыз бiр қысайын да құшайын!
Айбының мен еншiлеген бер үндi,
жаңғыртайын, жылытайын төрiңдi,
шалқарыңды шат-шадыман мас қылып,
қайғың менен тарқатайын шерiңдi!
 
Ақ қағазым –
өрнегi кең, от-ойым!
Оты сөнбес көктемдерге жетейiн;
тым болмаса, қас қағым сәт осылай
сатқын мiнез
жасықтардан кетейiн,
пасықтардан кетейiн,
жарсыздардан кетейiн,
арсыздардан кетейiн!
Ақ қағазым –
жұлдызды көк, жас Айым!
Мамырдағы тау суындай тасайын.
Тым болмаса, қас-қағым сәт, апыр-ай,
айласы мол
парақордан қашайын,
жалақордан қашайын!
Қашайын да…
Иә, пiрiм!
Арманымды
Айдыныңа қашайын!
тамыз, 1988 жыл.





Пікір жазу