ҚАТЕМ БОЛСА…
(достарға)
Қатем болса, түзетiп, жөндерсiңдер,
кедiр-бұдыр кезiмдi өңдерсiңдер,
көзiм жетер бiр шындық бұлтармайтын –
түбi менi iздейтiн сендерсiңдер.
Сендерсiңдер жаныма от беретiн,
аялайтын, сүйетiн, жек көретiн.
Тең бөлiсер қайғымды қиын кезде,
шаттығымды шалқытып өткеретiн.
Сендерсiңдер кеудемнiң көк орманы,
көңiлiмнiң қыл перне – көп арманы.
Сендер барда шалқармын, биiкпiн мен,
соғар демiм кеудеде, соғар қаным.
Сендер барда, сенемiн, жау алмайды,
менен қашып кетедi зауал, қайғы,
сендер барда жылу мен жарығы мол
жүрегiм – от, өртенiп, алаулайды.
Сендер барда бұрқанған өзендеймiн,
дәуiрдеймiн, тұтас бiр кезеңдеймiн,
сендер барда таудаймын, ғасырдаймын,
ғарыш болып кетемiн, сезем кей күн.
Сендер жоқта сөнедi ән-ошағым,
тұншықтырып, басады қараша-мұң.
Сендерсiз мен тау да емен,
ғасыр да емен,
кiм көрiнген таптайтын аласамын.
Сендерсiз мен үйдеймiн қаңыраған,
Iнгендеймiн ботасыз аңыраған,
сендерсiз мен жұтаған бақтардаймын,
көкiрегiнен көшетiн жамырап ән.
Мейлi жайып тастасын төрге кiлем,
мейлi менi көтерсiн өрге кiлең,
құр қабықпын сендерсiз қаудыраған,
ең бақытсыз адаммын жердегi мен.
Қатем болса, түзетiп, жөндерсiңдер,
кедiр-бұдыр кезiмдi өңдерсiңдер,
көзiм жетер бiр шындық, ұлы шындық –
түбi менi сұрайтын сендерсiңдер…
ақпан, 1989 жыл.