26.03.2022
  119


Автор: Нұрлан Оразалин

ЖОЛОРТА ЖЫРЫ

Шақырғанменен жол алдан,
сағынғанменен Сарқамыс,
мен ендi бала бола алман,
балалық шағым қалды алыс.
Балдырған сезiм баяғы
жанымды менiң тербемес,
ойлардың орғып саяғы,
өртенбес кеште өр, белес.
Көгiлдiр әлем көздi алып,
көңiлiн арбап дала, түн,
өртенiп, жанып, қозданып,
жыр жазбас ендi бала ақын.
Естiлмес қалқып сайдағы ән,
толқытпас селеу өр басын,
ауыздырағын шайнаған
шайқалтпас атам жорғасын…
Бермесе-дағы жол тыным,
қуырып ойдың танабын,
Көксайдың қозғап қолтығын,
тiл қатпас диiрмен шанағы.
Тiл қатпас тау да шың биiк,
тiл қатпас ескi омарта,
 
өмiрдiң сыры – тұңғиық,
бiз тұрған кезең – жолорта…
Жолорта тұстың сөзi ауыр,
жүгi де бiлем салмақты.
Аңдыған елдiң көзi ауыр,
ұмыттыратұғын ән… бақты…
Ұмытқаным да көп шығар,
жоғалтқаным да баршылық,
шың басындағы көк шынар
қартайған шығар аршылып.
Қайтейiн, кейде таңдайды
қариды келiп жырым кеш…
(Өртенiп бiткен жанбайды,
өлгендер қайтып тiрiлмес).
Ойласам бiр сәт шөгемiн
аруақтың бәрiн таудағы,
әкем ұйықтаған төбенiң
ұлғайған шығар аумағы?!
Көбейген шығар ауылда
бiз бiлмейтұғын жаңа ұрпақ,
кездесе қалса қауымда
амандасатұғын таңырқап?
Кеудесiн күнде сөз қарып,
кiм бiлсiн, қомдап қанатын,
жүрген де болар қозданып,
өртенiп басқа бала ақын?
 
Жыр жазып түнде түсiнде
тұнығын бұзбай бiр бала,
сол топтың үнсiз iшiнде
жүрген де болар қырда ана?!.
Сол бала, бәлкiм, жалғасым,
жанында – жырдың толғағы,
мендей боп бастап ән басын,
менен де озса болғаны…
Шақырсын соны жол алдан,
(сағыныштарымды жалғап ұш…)
Мен ендi бала бола алман,
балалық шағым қалды алыс.
наурыз, 1989 жыл.





Пікір жазу