АМАНАТ немесе Сенiм туралы жыр
Қалқып көктi кезедi бiр жиi құс,
болашақтың арманы – асқақ,
күйi – күш.
Жүрегiмдi мазалайды тынымсыз
сенi тосқан бұрылыс пен қиылыс.
Сен жүретiн жолдар менi тербейдi,
қыран-сезiм көтередi өрге ойды.
Тағдыр ертең не сыйлайды саған деп,
ойым-күптi…
Маған тыным бермейдi.
Бапкерiңмiн… Тiлекшiңмiн-iшiмнен,
(түлкiнi де бабы жақсы құс iлген).
Мiнезiңнiң артық-кемi – маған сын.
Сақта, Тәңiр!
Ессiздерден iсiнген.
Сақта, Тәңiр!
Көлденеңнен, көздерден,
өтiнемiн, өсек-ғайбат, сөзге ермен.
Қорғау үшiн өзiңдi өзiң, әуелi
құдай құйған қалыбыңнан өзгермен.
Бар мен жоқты тезге салып, теңгерiп,
қиындықты қайыспастан өңгерiп,
өс, қарағым, Сенiмiңдi сақтап өс,
бойыңды алмай қызыққұмар пенделiк.
Сол Сенiмде – менiң күллi ұраным,
Сол Сенiмде – менiң асқақ жыр-әнiм.
Сол Сенiмде – топырағым, тұрағым,
аялап өс, аялап өт сен оны,
қилы, қиын күн туса да,
Еркебұланым!..
қаңтар, 1989 жыл.