КЕЛЕМIЗ ЖАЛҒАЙ АЛМАСТАН…
Жаза алмай жанның жарасын,
кездерде қай бiр арбасқан,
өмiр мен жырдың арасын –
жаз бенен ақпан алмасқан
келемiз жалғай алмастан…
Қабыспай сөзiң кейде iспен,
қонардай жанға мол қайғы,
сезiмдi жұтып, ойды iшкен
қабаржып күндер толғайды.
Ақ деген тұсың қара боп,
сұрақтан сана тұнады;
көңiлдi өртеп жанады от,
белгiсiз қашан тынары?!.
Бұлқынып бойда iзгi арман,
жәудiреп тұрып қарайды,
шаңқ етiп биiк құздардан
бүркiттiң үнi тарайды.
Таба алмай ойдың жалғасын
тұрасың қарап аспанға,
ежiктеп iштен ән басын,
тынасың үмiт қашқанда…
«Тербемей неге қойды өлең?» –
көкейде жалғыз сұрағың;
қабыспай ойың ойменен,
жұлқиды жанды жыр-ағын.
Аймалап түнде ақ қарды
желкiлдер сезiм желегi,
құшақтап көше, бақтарды,
жылағың кейде келедi.
Көңiлде – кiрсiз бұла арман,
көзiңде – аспан түнгi Айлы,
қол созып сезiм мұнардан,
шәлiсiн шабыт бұлғайды.
Жаза алмай жанның жарасын,
сәттерде қай бiр арбасқан,
өмiр мен жырдың арасын –
ыстық пен суық алмасқан
келемiз жалғай алмастан.
ақпан, 1989 жыл.