ДОСТЫ ЖОҒАЛТУ
Шиырдың да қолыңдағы кесенi,
жандай болып жiбермейтiн есенi;
тойып алып, ауыр-ауыр сөз айтып,
той үстiнде «жазаладың» кеше оны.
Жандай едiң сып-сыпайы, сымбатты,
шын қалпыңды таныттың-ау тым қатты;
қираттың сен аз ғана сәт iшiнде
Достық атты тербетiлген құндақты.
Ел көзiнше оны мүлдем жерледiң,
тергегендей тұңғышыңды тергедiң;
тiл-дұшпанды оңды-солды көсiлтiп,
дос көзiнде қатқан мұзды көрмедiң.
Жалтақтады, жарың үнсiз үрпидi,
той иесi жақтырмады, кiртидi;
жазаланған жазықсыз жан – жан досың
сынды қатты, мұз боп қатты, сыр түйдi.
Қас қағымда тас-талқан қып жыр бағын,
өз қолыңмен өз бағыңды «ұрладың»;
көрмедiң сен досың кеткен сәтте сол
жауларыңның мәз-мейрам боп тұрғанын.
Досың кеттi: ыза-кегiн «бұқтырып»,
ұстамды боп, iрiлiгiн ұқтырып.
Кеттi…
Кеттi…
Сол күйiмен баяғы
тiк жүретiн, тiк сөйлейтiн, тiк тұрып.
Досың кеттi:
Кеттi бiрге көз, отың,
кеттi күндер жоқ пен барға төзетiн;
жастық шағың кеттi бiрге бұрылмай
пәтер iздеп Алматыны кезетiн.
Досың кеттi:
Кеттi бiрге ән-далаң,
құстай ұшып қалықтаған, самғаған;
кеттi күндер адалдықты азық қып
жалақыны жалақыға жалғаған.
Досың кеттi:
Кеттi бiрге мұңды адам,
талай сенiң арманыңды тыңдаған;
майыспаған мiнезiмен кеттi үнсiз,
қайыспаған қалпыменен сынбаған.
Кешiп үнсiз қыстың суық көк түнiн,
досың кеттi көзiндей боп тектiнiң;
досыңменен кеттi бiрге оралмас
Адал…
Аңғал…
Арман қуған от күнiң…
қаңтар, 1989 жыл.