26.03.2022
  141


Автор: Нұрлан Оразалин

ҚЫСҚЫ САҒЫНЫШ - 3

Көңiлiм елеңдейдi құс-елеске,
байқашы, бәрi осының түс емес пе?!
Ақ мамық, сенi көрiп ойға батып,
Айлы түн…
Аяз…
Дала түседi еске…
Көзiмдi ақ дүние, байлап арман,
көшедi елес-сурет жайлап алдан.
Келемiн кешiп қарын түнгi бақтың.
Iздеймiн!
Балғын кезiм қайда қалған?!
Адасып Ай астында қалмады ма?
Асқарға әлде биiк самғады ма?
Жүр екен бал дәуренiм қай арада,
кеттi ме думан қуып ән бағына?!
Сағынып мұң да кештiм, қайғы бастым,
құшағын арсыз жандар жайды – қаштым;
көзiңе көрiндi ме, шыныңды айтшы,
ақ мамық, кезiп келем Айдың астын?
Ақ көрпе…
Аппақ әлем…
Ақ ұлпа қар…
Алысқа, алыстарға сағынта бар.
Сәлем айт, жастығымды көре қалсаң
көзiнен көкжиектiң сағым талар.
ақпан, 1989 жыл.





Пікір жазу