26.03.2022
136
ҚЫСҚЫ САҒЫНЫШ - 2
Малтығып жатыр тағы көше қардан,
кеудеден көшедi шер, көшедi арман;
ақ түндi ақ теңiздей дүрлiктiрiп,
шарқ ұрып шағала-мұң көшедi алдан.
Көк төсiн айқыш-ұйқыш түрiп өтер,
шаңқ еткен құлақтарда үнi кетер.
Мына мұң… Шағала-мұң астаң-кестен
аспанның ақ айдынын тiлiп өтер.
Табиғат ерекше бiр күйге енгендей,
құлаққа қайталанбас күй келгендей,
бар әлем той жасауда бiр ғажайып,
Көк пен Жер жаңа ғана үйленгендей…
Түн аппақ…
Аспан аппақ…
Көше қатқақ…
Дүние бұлаңытып көшедi аппақ.
Алматы айналғандай жұмаққа бiр,
көк аспан жерге киiз төсеп аппақ.
Кеудеден көшедi шер, көшедi арман,
малтығып ұлпа сезiм көше, қардан,
ақ түндi ақ теңiздей дүрлiктiрiп,
шарқ ұрып шағала-мұң көшедi алдан.
ақпан, 1989 жыл.