26.03.2022
  106


Автор: Нұрлан Оразалин

Ескi достардан...

Ескi достардан хабар үзiлдi,
ессiз сәттердiң көбi сызылды;
естен шықты да талай есiмдер,
ескi көшенiң көбi бұзылды.
Өткен өмiрден белгi жоқтайын,
жанды, жүректi өртеп от дәйiм;
ессiз күндердiң ескi танысы
кешке шулайды ессiз топ қайың.
Ескi достардан қалған көздейiн,
қайтып оралмас екi кездейiн
қалқып ұшады түнде бiр сезiм,
сана күзеткен «жетiм» сөздейiн.
Кеткен айлар мен өткен жылдардан,
биiк шыңдар мен бұйрат құмдардан
жалын жырларым қолын созады,
қолын созады сазды, мұңды арман.
Жүрек кернеген әндi шақтайын,
шәлi бұлғайды көктем, ақ қайың…
Ескi достар мен ессiз күндердiң
көзiндей болып көкпен ақты Айым…
маусым, 1988 жыл.





Пікір жазу